IШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ САЯСАТТЫҢ 2004 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ
Қымбатты отандастар!
Құрметтi депутаттар!
Бiздiң елiмiз “Қазақстан-2030” ұзақ мерзiмдi бағдарламасына және онжылдық стратегиялық жоспарға сәйкес ойдағыдай iлгерi дамып келедi. Соңғы жылдары бiздiң қолымыз жеткен табыстар аз емес. Қазақстанның нарықтық жаңғырулардағы жетiстiктерi, экономикалық өрлеуi мен халықтың тұрмыс деңгейiн көтеруi жалпыға мәлiм, әрi әлемдiк қоғамдастыққа да танылып отыр. Ұлттық қауiпсiздiк пен iшкi саяси тұрақтылықты нығайту, қоғамды одан әрi демократияландыру, өңiрлiк ынтымақтастықты дамыту жөнiнде ұдайы дәйектi шаралар қолданылып жатыр. Ең бастысы, бiзде қоғам мен мемлекеттi, экономика мен әлеуметтiк саланы тұрлаулы дамытудың келелi жолдарын iздестiру тынымсыз әрi нәтижелi жүргiзiлiп келедi.
Бұл Жолдауда келесi, 2004 жылғы экономикалық және әлеуметтiк саясаттың, қоғамды одан әрi демократияландыру мен мемлекеттiк басқару тиiмдiлiгiн арттырудың, мәдениет, бiлiм беру мен руханият салаларын дамытудың негiзгi бағыттары баяндалып отыр.
I. Экономикалық өсу
Бүгiнгi таңда Қазақстанның қолында экономикалық өсудiң жоғары қарқынын қамтамасыз ететiн серпiндi дамып келе жатқан отын-энергетика, металлургия және химия кешендерi бар.
Сонымен бiр мезгiлде бiздiң алдымызда экономиканың теңдестiрмелiгiн қамтамасыз ету, өңдеушi өнеркәсiптi, жоғары технологиялы және ғылыми қамтымды өндiрiстердi, өндiрiстiк инфрақұрылымды және агроөнеркәсiп секторын iлгерiлете дамыту жөнiндегi аса маңызды мiндеттер тұр.
1.1. Аграрлық саясат
Өткен жылғы Жолдауымда мен 2003–2005 жылдарды ауылды өркендету кезеңi деп жарияладым.
Елiмiздiң ауыл шаруашылығы мен ауылдық аумақтарын жаңғырту мен дамыту жөнiндегi негiзгi мiндеттердi шешу Үкiметтiң алдағы кезеңдегi әлеуметтiк-экономикалық саясатының басты мазмұнын құрайтын болады.
Мұны ойдағыдай iске асыру үшiн қазiрдiң өзiнде мемлекеттiк басқару жүйесiнде құрылымдық қайта құру жүргiзiлдi.
Өткен жылдың iшiнде Жер, Су және Орман кодекстерiнiң, “Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру туралы” Заңның жобалары әзiрленiп, Парламентке ұсынылды, “Ветеринария туралы”, “Өсiмдiктердi қорғау туралы”, “Тұқым шаруашылығы туралы” Заңдар қабылданып, “Өсiмдiктер карантинi туралы” Заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлдi.
Бекiтiлген бағдарламалық құжаттарға сәйкес мемлекет 2004-2005 жылдары ауыл экономикасына 150 миллиард теңгеден аса қаражат жұмсауды жоспарлап отыр. Соның iшiнде 2004 және 2005 жылдары бұл сома жыл сайын 10 миллиард теңгеге ұлғайтылады.
Алдағы екi жылда денсаулық сақтау мұқтаждарына қосымша 30 миллиард теңге, яғни жыл сайын 15 миллиард теңгеден бөлiнедi. Сонымен бiрге 2003-2005 жылдары ауылдағы бiлiм беру мен денсаулық сақтау iсiне, ауылды сумен жабдықтау объектiлерiне инвестицияға мемлекеттiк бюджеттен жыл сайын 15 миллиард теңгеден бөлiнетiн болады.
Мен Мемлекеттiк аграрлық азық-түлiк бағдарламасынан тыс биылғы жазда Ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын бекiтсем деп отырмын.
Сөйтiп, 2004 жылдан бастап, оны iске асыруға да мемлекет едәуiр қаражат бөлетiн болады.
Бұл бағдарламаның мақсаты – ауылдың әлеуметтiк дамуын жеделдету және жұртты тоқыраулы әрi экологиялық және экономикалық жағынан келешегi күмәндi ауылдық аумақтардан көшiруге және еңбекке орналастыруға жәрдем көрсету.
Осы орайда, ауыл экономикасына мемлекеттiк қолдаудың өсе түскен көлемiнiң де, жерге жеке меншiк құқығын енгiзудiң де – тегiнде, осының бәрiнiң де, елiмiздiң экономикасындағы аграрлық сектордың үлесiн ұлғайту, тиiсiнше ауылдағы әлеуметтiк проблемаларды шешу үшiн жасалып отырғанын еске салған орынды деген ойдамын.
1.2. Индустриялық-инновациялық саясат
Бүгiнгi таңда теңдестiрмелi және тұрлаулы даму үлгiсiн түзген кезде бiз экономиканы шикiзаттық бағдарынан өңдеушiлiк бағдарға қарай диверсификациялау жолдарын айқындап алуымыз керек.
Қазақстанның кенен байлығы – минералдық шикiзаттың қайтып қалпына келмейтiн жадығат екенi, әрi кен орындарының уақыт өте келе сарқылатыны белгiлi. Мұның өзi болашақта әуелi экономикалық, содан кейiн саяси тәуелсiздiгiмiзден айырылып қалуымызға әкелiп соғуы мүмкiн.
Сондықтан, менiң тапсырмам бойынша Үкiмет 2015 жылға дейiнгi Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын әзiрледi.
Басты мiндет – 2000 жылмен салыстырғанда IЖӨ-нi 2015 жылға қарай 3,5 есе ұлғайту.
Бағдарламаның негiзгi мақсаты – кәсiпкерлiк ахуал, бәсекелестiк орта қалыптастыру, жеке меншiк секторды қосылған құны жоғары өндiрiстер құруға ынталандыратын қоғамдық институттар жүйесiн құру.
Бұл ретте қара және түстi металлургияда, шикiзат өңдеу, соның iшiнде ауыл шаруашылығы шикiзатын өңдеу саласында, осындай өндiрiстер құру жөнiнен елеулi әлеует бар.
Мұндай өндiрiстердi ұйымдастырудың осы заманғы тәсiлдерi мемлекет тарапынан көтермелеудi, жоғары технологиялы орталықтар құруды талап етедi.
Технопарктер жасақтау арқылы қолдағы ғылыми базаны: Алматы түбiндегi Алатау кентiндегi ақпараттық технологиялар орталығын, Степногордағы биотехнологиялық орталықты, Курчатовтағы ядролық технологиялар орталығын бiлгiрлiкпен пайдалана бiлген жөн.
Бағдарламаны iске асыру барысында мәшине жасауға, әсiресе мұнай-газ саласына, сондай-ақ көлiктi дамытуға баса назар аудару қажет.
Бағдарламаға мемлекеттiк қолдау көрсету жеңiлдiкпен кредиттер бөлудi, экспортты сақтандыруды, құрылтайшы капиталға, коммерциялық ақпарат таратуға үлестiк қатысуды көздейдi.
Бiз инвестициялық сипаттағы тiкелей мемлекеттiк шығасылардың жылына орта есеппен 38 миллиард теңге (250 млн. доллар) болатынын жоспарлап отырмыз. Бұл қаражаттың едәуiр бөлегi өндiрiстiк және ғылыми инфрақұрылымды жасақтау мен жаңартуға жұмсалатын болады.
Бұл орайда ғылыми және инновациялық үрдiске деген көзқарасымыздың өзiн өзгертуiмiз керек.
Ғылымды реформалау құрылымдық өзгерiстердi ғана емес, оны қаржыландыру көлемiн де қамтуға тиiс. Яғни ғылыми және қолданбалы зерттеулердi мемлекеттiк қаржыландыру көлемi ұлғайтылуы қажет.
Алға қойылған мiндеттер сыртқы сауда саясатының қағидаттарын қайта қарауды талап етедi. Елiмiздiң өңiрлiк интеграциямен, әлемдiк қалыптарға көшумен, тауарлар өндiрiсiн және кызмет көрсетудi экспортқа бағдарлаумен ұштастыру арқылы сауданы ырықтандыру бағытын ұстануға тиiс екенi қазiрдi¦ өзiнде айқын болып отыр.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын iске асыру мақсатында даму институттарының жүйесi құрылады әрi капиталданатын болады.
Соның iшiнде, қазiрдiң өзiнде жинақтаушы, сондай-ақ тұрақтандырушы уәзипалар атқарып жатқан Ұлттық қор бар.
Таяу уақытта Қазақстанның инвестициялық қоры құрылатын болады. Ол капиталына үлестiк қатысу арқылы қосылған құны жоғары тауарлар өндiретiн қазақстандық компаниялардың құрылуына жәрдемдесуге тиiс.
Ғылыми-техникалық және кәсiпкерлiк салалардың тұрақты өзара iс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында Инновациялық қор құрылып, оған инновациялар мен венчурлық кәсiпкерлiктi дамыту мен енгiзу жөнiнде неғұрлым кең өкiлеттiктер жүктеледi.
Қазақстан даму банкi қазiрдiң өзiнде экономиканың шикiзаттық емес секторында жұмыс iстейтiн отандық кәсiпорындарға кредит бөлу жөнiндегi қызметтi қолға алып, 23 миллиард теңгеге (150 млн. доллар) жуық кредиттер бердi. Оның мiндетi – өңдеушi өнеркәсiп пен өндiрiстiк инфрақұрылымды дамытуға жәрдемдесу.
Үкiметтiң сонымен бiрге халықаралық саудаға қатысты саяси тәуекелдi сақтандырумен шұғылдануға тиiс Экспортты сақтандыру жөнiндегi корпорация құруы қажет.
Даму жөнiндегi мемлекеттiк институттардың нарықты алмастырмайтынын немесе ығыстырмайтынын, қайта бәсекеге қабiлеттi экономиканың қозғаушы күшiне айналып, серiктестiк қағидаттары негiзiнде жеке кәсiпорындарды инновациялық үдерiске тартатынын атап көрсету керек.
1.3. Интеграциялық саясат
Жедел экономикалық өрлеуге бiздiң мемлекетiмiздiң интеграциялық жаһатшiлiгi жәрдемдесетiн болады. Жуырда ТМД -ның ортақ экономикасының 90 пайыздан астамын құрайтын Ресейдiң, Қазақстанның, Украина мен Беларусьтiң өңiрлiк интеграция ұйымын жасақтау туралы мәлiмдегенi өздерiңiзге белгiлi. Бiздiң елiмiз осы бiрлестiктiң мұраттарын нақтылы жүзеге асырудың дәйектi жақтаушысы болып қала бередi.
Мұнда көп нәрсе бiздiң мемлекеттерiмiздiң заңнамалық базаларын үйлестiруге және парламентшiлердiң бұл үдерiске белсене қатысуына байланысты болады.
1.4. Инвестициялық саясат
Үстiмiздегi онжылдықта әлеуметтiк-экономикалық салада жалпы iшкi өнiмдi екi есе ұлғайтуды, сөйтiп, негiзiнен алғанда, кедейшiлiк пен жұмыссыздық проблемасын шешудi мiндетiмiзге алғанымызды еске саламын.
Осыған орай экономика саласында 2004 жылы экономикалық өрлеудiң барынша жоғары қарқынына жету басты мiндет ретiнде алға қойылып отыр.
Мұның өзi инвестициялардың тез өсуiне және жалпы iшкi өнiмдегi жинақтау нормасының артуына тiкелей байланысты.
Экономикалық өсiмнiң жоғары қарқынын тұрақты ұстап тұру үшiн бiздiң таяудағы 4-5 жылдың iшiнде негiзгi капиталдың IЖӨ-ге қатысты жалпы жинақталу көлемiн 28 пайыз деңгейiне дейiн жеткiзуiмiз керек. Соның iшiнде мемлекеттiк инвестициялардың IЖӨ жөнiнде 2-ден 4 пайызға дейiнгi өсiмiне жету шарт.
Биылғы жылы мемлекеттiк бюджеттiң асыра орындалатыны, сөйтiп көкейге қонымды маңызды деңгейге – бiр триллион теңгеге жақындайтыны қазiрдiң өзiнде бiлiнiп отыр.
Сондықтан, биылғы мамырдың iшiнде-ақ бюджеттi нақтылай түсу қажет, ал экономиканың стратегиялық салаларында жұмыс iстейтiн мемлекеттiк iрi кәсiпорындар акцияларының пакеттерiн сатудан алынған жоспардан тыс түсiмдердi Ұлттық қорға жiберу керек.
Осыған орай мен Үкiметке биылғы жылдың бюджетiн Парламентте нақтылаған кезде артылған қаражатты жинақтауға, сондай-ақ әлеуметтiк дамуға бағыттауды тапсырамын.
1.4.1. Мемлекеттiк инвестициялар
Индустриялық-инновациялық бағдарламаның iске асырылуын қамтамасыз ететiн жоғарыда аталған қаржы институттарын құру мен капиталдандыру мақсатында:
– Даму банкiнiң жарғылық капиталын ұлғайтуға және оның кредиттiк жадығатын молықтыруға – 12 миллиард теңге;
– құрылатын Қазақстан инвестициялық қорының жарғылық капиталына – 23 миллиард теңге;
– құрылатын Инновациялық қорға – 3 миллиард теңге;
– Экспортты сақтандыру жөнiндегi корпорация құру үшiн – 7,7 миллиард теңге жiберудi ұсынамын.
1.4.2. Астананы дамыту
Астананы елiмiздiң орталығына көшiрудiң стратегиялық қажеттiгi мен тиiмдiлiгi және оны осы заманғы үлгiде абаттандыру керектiгi бүгiнгi таңда бiр кездегiдей ешкiмнiң күмән-күдiгiн туғызбасы анық.
Бас қаламыздың сәулет сұғатын келiстi ету жөнiндегi жасампаздық жоспарларды iске асыруды қолға алған екенбiз, ендеше бұл iстi аяқсыз қалдырып, ақырына дейiн жеткiзбеуге бiздiң ешқандай қақымыз жоқ.
Елiмiздiң жаңа астанасын салудың экономикалық, саяси және әлеуметтiк тиiмдiлiгi турасында бiз жиi айтып жүрмiз. Айталық, Астана қаласын салу мен дамытуды қолға алған жылдардың iшiнде оны абаттандыруға әртүрлi көздерден шамамен 2,5 миллиард доллар жұмсалып, мұның өзi елiмiздiң экономикалық өсуiне, өндiрiстi жандандыруға, жұмыс орындарын құрып, салық алымдарын көбейтуге айтарлықтай үлес қосты.
Астананың үлгiсi бойынша елiмiздегi барлық облыс орталықтары көркейiп келедi. “Астананың өркендеуi – Қазақстанның өркендеуi” бағдарламасы жұмыс iстеп тұр.
Бiз астанамыздың құрылысына елеулi үлес қосып жатқан достас елдерге, шетел инвесторларына, отандық кәсiпкерлерге ризашылығымызды бiлдiремiз.
Менiң өтiнiшiм бойынша олар бөлген өтеусiз қаражатқа биылдың өзiнде ғана 200 миллиондай АҚШ доллары сомасына құрылыстар салынып жатыр.
Алайда, алдағы уақытта бiз астана құрылысын оны дамытудың ұзақ мерзiмдi және орта мерзiмдi жоспарлары мен бағдарламаларының негiзiнде бюджет қаражатының есебiнен жоспарлы түрде жүргiзуге көшуiмiз керек.
Үкiмет Астана қаласының әкiмдiгiмен бiрлесiп, әлеуметтiк-мәдени мақсаттағы объектiлер құрылысының белгiленген жоспарларға сәйкес жүргiзiлуiне қамқорлық жасауға тиiс.
1.4.3. Жеке инвестициялар
Бiздiң экономикамыздағы жеке сектордың рөлi барған сайын арта беруге тиiс. Бүгiнгi таңда зейнетақы жинақтау жүйесiнiң жиынтық капиталы 300 миллиард теңгеге жуықтап отыр. Банк жүйесiндегi депозиттер 600 миллиард теңгеден асып түстi.
Банктердiң жиынтық меншiк капиталы бiр жылдың iшiнде үштiң бiрiне ұлғайып, миллиард доллардан асып түстi, ал экономикаға берiлген кредиттер соңғы үш жылда 4,5 есе көбейдi.
Әлбетте, мұның бәрi де экономикалық өрлеудiң жоғары қарқынын қамтамасыз етедi және демеп отырады.
Дегенмен, бiз жеке жинақтаулар мен қорабалардың, ең бастысы экономикаға жасалатын инвестициялардың бұдан әлдеқайда өсе түсуiне мүдделiмiз.
1.5. Салық саясаты
Салық азайған сайын, жеке инвестициялар көбейе түседi дегендi даусыз ақиқат санауға әбден болады.
Сондықтан да мен Үкiметке жекелеген салықтарды¦ пәмiн одан әрi кемiту туралы Парламентке ұсыныс енгiзудi тапсырамын.
Мен 2004 жылғы 1 каңтардан бастап:
– қосылған құнға салынатын салықтың пәмiн 16-дан 15 пайызға дейiн кемiту;
– жұмыс берушiлердiң регрессивтiк шәкiл бойынша еңбекке ақы төлеу шығыстарының деңгейiне қарай әлеуметтiк салықты 20-дан 7 пайызға дейiн шақтау арқылы оның пәмiн кемiту;
– жеке табыс салығының ең жоғарғы пәмiн 30-дан 20 пайызға дейiн кемiту қажет деп санаймын.
Үкiметке шағын бизнес субъектiлерiнiң оңайлатылған салық салу жағдайындағы қызметiнiң оңды тәжiрибесiн ескерiп, арнайы салық уәжiптерiнiң аясын кеңейту мүмкiндiгiн зерделеудi тапсырамын.
II. Әлеуметтік даму
Экономикалық өрлеу қарқынын еселей келе, бiз елiмiздiң экономикалық қуатын нығайтып қана қоймаймыз, сонымен қатар әлеуметтiк даму мiндеттерiн шешу үшiн барынша кең мүмкiндiктер ашамыз.
Бұл саясаттың маңызды бiр бөлiгi – зейнетақы мен жалақыны одан әрi арттыра беру.
2.1. Зейнетақылар
Зейнетақының ең төменгi деңгейiн 5,5 мың теңгеге дейiн ұлғайту қажет деп санаймын.
Әрбiр зейнеткердiң еңбектегi еншiсiн, жұмыс өтiлiн, зейнеткерлiкке шыққан кездегi жалақысын ескерiп, зейнетақылардың неғұрлым әдiлеттi шамасын белгiлейтiн уақыт та жеттi, әрi елiмiздiң оған мүмкiндiгi де пайда болды деген ойдамын. Мұның өзi миллионға тарта зейнеткердiң зейнетақысын арттыруға мүмкiндiк береді.
Осы күрделi әрi едәуiр қымбатқа түсетiн, алайда абыройлы мiндеттi шешуге бiз кiдiрiссiз, биылғы 1 маусымнан бастап кiрiсуiмiз керек. Үкiметке зейнетақылардың саралап арттырылуын жүзеге асыруды: биылғы 1 маусымнан бастап оларды қайта есептеудi, ал 1 шiлдеден бастап төлеуге кiрiсудi тапсырамын. Жаңа ең төменгi зейнетақы да 1 шiлдеден бастап төленетiн болсын.
Есеп бұл үшiн бiр жарым жылдың iшiнде қосымша 60 миллиард теңге, соның iшiнде биылдың өзiнде 20 миллиард теңгедей бөлу қажет болатынын көрсетiп отыр.
Соның нәтижесiнде зейнетақылардың орташа мөлшерi келесi жылы сегiз мың теңге деңгейiнен асып түсуге тиiс.
2.2. Жалақы
Ең төменгi жалақы, әлбетте, ең төменгi зейнетақыдан артық болуға тиiс екенiне қарамастан, ол биыл ғана сол деңгейге жетiп отыр.
Сондықтан да келесi жылдың 1 қаңтарынан бастап, жалақы 5000 теңгеден 6600 теңгеге дейiн, немесе 32 пайыз өсiрiлетiн болады.
Мұның алдындағы жылдары бiз бюджеттегi мекемелер қызметкерлерiнiң жалақысын көтерген едiк. Өткен жылы тек мұғалiмдердiң өздерiне ғана жалақы 35 пайыздан астам көбейтiлдi.
Белсендi әлеуметтiк саясатымызды одан әрi жалғастыра беремiз, сөйтiп келесi жылдан бастап бюджеттiк сала қызметкерлерiнiң жалақысы орта есеппен тағы да 20 пайыз ұлғайтылады. Бұл ретте еңбекке ақы төлеу жүйесiн одан әрi жетiлдiре беру жоспарланып отыр.
Сонымен бiр мезгiлде еңбекке ақы төлеудiң әзiрленiп жатқан жаңа жүйесiнiң ауқымында мемлекеттiк қызметшiлердiң жалақысы орта есеппен 50 пайыз арттырылады.
Бұл жолы Үкiмет еңбекақы төлемi кестесiн бiрiншi кезекте ақысы төмен қызметкерлердiң жалақысын көтерудi ескере отырып, нақтылай түсуге тиiс.
Тұтас алғанда 2004 жылы жалақыны көбейтуге мемлекеттiк бюджеттен 50 миллиард теңгеден аса қаражат бөлiнедi.
Сонымен қатар табыс деңгейi төмен адамдарға қолдау көрсету үшiн Үкiметке салықтарды кемiту кезiнде жеке табыс салығын есептеуге қажеттi салық салынбайтын ең төменгi мөлшердi кем дегенде 30 пайыз көтерудi тапсырамын.
Бұл шаралар табысы төмен қазақстандықтардың көпшiлiгiнiң әл-ауқатын жақсартуға мүмкiндiк бередi әрi жұмыссыздықты едәуiр қысқартудың маңызды тұтқасына айналады.
Ендi бiр маңызды мәселе туралы. Бiз елiмiздiң көшi-қон шығынының орнын толтырудың жайын да байсалды ойластыруымыз керек. Бұл түйiндi мәселе, өз жоспарларымызды iске асыруымыз осы мәселенi шешуiмiзге де байланысты болмақ.
Сол себептi Үкiмет:
– тууды өсiрудi;
– денсаулық сақтауды жақсарту есебiнен өлiм-жiтiмдi кемiтудi;
– ең әуелi еңбекке жарамды жастағы бұрынғы қазақстандықтар есебiнен оралушыларды қабылдауды ұлғайтуды қарастыратын бағдарлама әзiрлеуге тиiс.
Осыған сүйенiп, мен сондай-ақ келесi жылы оралмандарға арналған шаманы екi есе ұлғайту, әрi осы мақсатқа қосымша екi миллиард теңге жұмсау жөнiнде мiндет қоямын.
2.3. Мәдени-тарихи мұраны сақтау
Руханият пен бiлiм беру салаларын дамытудың аса маңызды құрамдас бөлiгi ретiнде биыл бiрқатар ауқымды жобалардың басын қосатын “Мәдени мұра” арнаулы орта мерзiмдi бағдарламасын әзiрлеп, iске асыруға кiрiсудi ұсынамын.
Оның мақсаты:
Бiрiншiден, халықтың орасан мол мәдени мұрасын, соның iшiнде осы заманғы ұлттық мәдениетiн, фольклорын, дәстүрлерi мен салттарын зерделеудiң бiртұтас жүйесiн жасау.
Екiншiден, ұлттық тарих үшiн ерекше маңызы бар елеулi мәдени-тарихи және сәулет ескерткiштерiн қалпына келтiрудi қамтамасыз ету.
Үшiншiден, ұлттық әдебиет пен жазудың санғасырлық тәжiрибесiн қорыту және кеңейтiлген көркем, ғылыми, өмiрбаяндық дестелер жасау.
Төртiншiден, мемлекеттiк тiлде әлемдiк ғылыми ойдың, мәдениет пен әдебиеттiң үздiк жетiстiктерi негiзiнде гуманитарлық бiлiм берудiң толымды қорын жасау.
Мәдени-рухани даму жөнiндегi шаралардың iшiнде бiздiң бас қаламыздың мәдени ортасын қалыптастыруға айрықша назар аударылуға тиiс.
Үкiметке үш ай мерзiмнiң iшiнде Президент Әкiмшiлiгiнiң қатысуымен осы орайда тиiстi шешiм әзiрлеудi тапсырамын.
* * *
Мен ұсынып отырған барлық шаралар, әсiресе, әлеуметтiк даму мен экономикалық өсiмнiң жоғары қарқынын ұстап тұру мақсатындағы жинақтаулар қажеттiгi жағынан алғанда теңдестiрiлген әрi бiздiң мүмкiндiктерiмiзге сай келедi.
Сондықтан да Парламент депутаттарынан осы ұсынысты қолдауды сұраймын. Бұл шаралардың бiздiң азаматтарымыздың едәуiр бөлегiнiң әл-ауқатын айтарлықтай жақсартатынына күмән жоқ.
ІII. Демократияландыру және тиімді басқару
Бiздiң алдымен экономика, содан кейiн ғана саясат дейтiн қағидатқа сүйенiп, дәйектi түрде ашық қоғамға қарай iлгерiлеп келе жатқанымыз қазақстандықтарға мәлiм.
Алайда, бiзге басқа да жәйттер белгiлi.
Егер 90-шы жылдардың басында ел билiгiн қолдан шығарып алсақ, онда ауыр дағдарыс жылдарында әрi көп ұлтты мемлекеттiң жағдайында бiздiң мемлекеттiктен де айырылып, экономиканы реформалау мiндеттерiн де шеше алмаған болар едiк. Бұған нақты мысалдар бар. Ал бiз бүгiнгi күнi өзiмiздiң табысқа жеткенiмiздi мәлiмдеп отырмыз.
Елiмiздiң экономика мен мемлекеттiк құрылыстағы жетiстiктерi қоғам дамуының кезектi кезеңi ретiнде саяси жүйенi одан әрi ырықтандыру мәселелерiне баса көңiл бөлуге жағдай жасайды. Өзiмiздiң бүгiнгi болмысымызды екшей келгенде, мұны азаматтық қоғам дамуының кезектi кезеңi болады деу керек.
Бүгiн бiзде демократия мен азаматтық қоғамның iргелi институттары құрылып отыр.
Соңғы уақыттың өзiнде ғана бiзде омбудсмен институты белгiленiп, Ұлттық кеңес, Бұқаралық ақпарат құралдары жөнiндегi Қоғамдық кеңес құрылды.
Үкiметтiң жанында алдағы уақыттағы демократияландыру мен азаматтық қоғамды дамыту жөнiнде ұсыныстар әзiрлейтiн Тұрақты жұмыс iстейтiн Кеңес қызмет атқарып жатыр.
Партиялар туралы жаңа заң қабылданғаннан кейiн елiмiздегi партия жүйесi нығайып келедi, үкiметтiк емес ұйымдардың белсендiлiгi арта түстi, әрi, ең бастысы, қоғамда саяси мәдениеттiң демократиялық үлгiсi тамыр тарта бастады.
Осы бағыттағы саясатымызды дәйектi жүзеге асыра отырып, бiздiң осы жолда кезектi қадамдар жасауымыз керек.
Алдағы кезеңге саяси реформалардың бес басым бағытын қамтитын бағдарламасын ұсынамын.
Бiрiншi.
Бiз мемлекеттiк басқару жүйесiн жаңалап жетiлдiруiмiз керек. Мұндағы басты мiндеттер – мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасындағы құзыреттiлiктiң ара-жiгiн айқын ажырату, бюджетаралық қатынастар жүйесiн жетiлдiру.
Ұлттық кеңестiң кешегi күнi өткен отырысында бiз “Жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы” Заңға енгiзiлмекшi өзгертулер мен толықтыруларды қарадық.
Бұлар – жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың аумақтық даму, төменгi деңгейлердегi, ең алдымен ауылдағы тиiмдi басқаруды қамтамасыз ету мәселелерiн шешудегi өкiлеттiктерiн одан әрi кеңейте беруге қатысты өзгертулер мен толықтырулар.
Ал мұны iске асыру үшiн жүзден астам заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу керек. Сондықтан Үкiметтiң алдына 2004 жылдың қарсаңында билiктiң барлық деңгейлерiнiң оңтайлы уәзипалығын қамтамасыз ететiн заңнамалық құқылық базаға тиiстi өзгертулер әзiрлеу мiндетiн қоямын.
Бюджеттiк кодекстiң жобасын әзiрлеу жұмысы аяқталып келедi, оны Үкiмет биылғы мамырдың iшiнде Парламенттiң қарауына енгiзуге мiндеттi.
Осыған орай мен депутаттардан бұл құжатты мұқият зерделеп, осы биыл қабылдаудың қамын жасауды өтiнер едiм: бұл 2005 жылға арналған бюджеттi келесi жылдан бастап, жаңа Бюджеттiк кодекстiң негiзiнде қалыптастыруды қолға алу үшiн аса қажет.
Ал 2004 жылға арналған Республикалық бюджет туралы заңның жобасы қазiргi қолданылып жүрген “Бюджет жүйесi туралы” Заңның низамдарының негiзiнде әзiрленетiн болады.
Басқару деңгейлерiнiң өкiлеттiктерiн айқындау мен оларды қаржылық қамсыздандыру жөнiндегi жұмысты аяқталған бетте бұл үдерiс жергiлiктi басқару органдарының басшыларын сайлау тәжiрибесiн кеңейту арқылы тыңғылықты тиянағын табуға тиiс.
Бiздi басты мiндетiмiз – жергiлiктi жердегi билiктiң адамдар алдындағы жауапкершiлiгiн көтеру, оларды әрбiр адамның күнбе-күнгi мұқтажы мен қам-қарекетiне жақындата беру.
Ауылдық округтер дегейiнде белгiлi бiр мерзiмге әкiмдердiң сайланбалылығын енгiзуге болады деген ойдамын.
Содан кейiнгi жерде аудан әкiмдерiн сайлауға байланысты эксперимент жүргiзуге көшкен жөн. Соның қорытындысына қарай мұндай тәжiрибенiң ұтымдылығы мен оңтайлы үлгiлерiн анықтау турасында байлам жасауға болатын секiлдi.
Тегiнде, түпкi мұрат әкiм сайлау ғана емес, мұны естен шығармау керек. Әлбетте бұл мәселенi кезең-кезеңiмен қажеттi жағдаяттардың қалыптасуына қарай шешкен дұрыс.
Сонымен қатар басқарудың барлық деңгейлерiне кадрлар даярлау үшiн жағдай туғызуға кiдiрiссiз кiрiсу қажет деп санаймын. Әлемнiң үздiк университеттерiнде оқыту, елiмiзде санаты биiк университеттер құру, сондай-ақ отандық Мемлекеттiк қызмет академиясын нығайту – бүгiнгi күннiң мiндеттерi, мiне, осындай. Мұның да демократиялық құрылыстың аса маңызды бiр факторы екенiне сiздер келiсесiздер деген ойдамын.
Бiз өз мәдениетiмiздiң құндылықтарын, бiрлiгiмiздi, ұлтаралық және дiнаралық татулығымызды, саяси тұрақтылығымызды сақтай отырып, байыппен алға жылжи беретiн боламыз. Мен мұны қайталаудан жалыққан емеспiн.
Сонымен бiрге, бiрде-бiр елдiң мемлекеттiк және саяси құрылыстағы толымдылыққа жете алмағанын да, ешкiмнiң ойдағыдай бюджетаралық қатынастар орната алмағанын да естен шығармаған жөн.
Дамыған өркениеттi деген елдердiң өзiнде ырықтандыру мен орталықсыздану кезеңдерiн мемлекет рөлiнiң күрт күшеюi мен орталықтану кезеңдерi алмастырып отырған: бәрi де нақтылы-тарихи жағдайлар мен даму кезеңдерiнiң парықтылығына байланысты.
Басқаның тәжiрибесiн көзсiз көшiрудiң, халықаралық сарапшылардың бiрi дөп басып айтқандай, бiреудiң дене мүшесiн басқа бiреуге салатын хирургиялық операция тәрiздi екенiн мықтап ұғынып алу керек, бөтен мүшенiң басқа денеге қабыспайтын кездерi жиi ұшырасатынын өздерiңiз де бiлесiздер.
Мұндай мәселеде абай болған жөн, әуелi бәрiн де мұқият екшеп алған абзал.
Үкiметке бұл мәселенi шетелдiк тақылеттес тәжiрибенi ескерiп, терең зерделеудi, сөйтiп нақтылы ұсыныстар енгiзудi тапсырамын.
Екiншi.
Сайлау жүйесiн одан әрi жетiлдiре беру қажет. Сайлау үдерiсi бұрынғыдан да айқын әрi ашық болуға тиiс.
Өткен жылдың өзiнде менiң тапсыруым бойынша “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Конституциялық заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы” заң жобасы әзiрленген едi.
Онда Орталық сайлауком ЕҚЫҰ-мен бiрлесiп, саяси партиялармен өткiзген дөңгелек үстелдерде айтылған ұсыныстар ескерiлген. Биылғы жылдың басында заң жобасы Тұрақты жұмыс iстейтiн Кеңестiң отырыстарында талқылаудан өткiзiлдi.
Үкiмет оны жұртшылық тарапынан айтылған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып пысықтап, Парламентке енгiзуге тиiс.
Бұл заңның негiзгi нысанасы сайлау үдерiстерiнiң айқындығын, ашықтығын және бәсекелестiгiн қамтамасыз ету болуы керек.
Сайлаушылар тiзiмiн түзу, дауыс беру, дауыс беру қорытындысын шығару және сайлау нәтижесiн анықтау жөнiнде автоматты ақпараттық жүйе енгiзу мiндет.
Үшiншi.
Саяси жүйенi демократияландырудың маңызды бағыты – азаматтық қоғам институттарын одан әрi нығайта беру.
Бiздiң мiндет – бұқараның қолдауына ие болған, беделi биiк, қуатты әрi жауапкершiлiгi жоғары партиялардың iрге тартуына жәрдемдесу. Мұның өзi елiмiздiң стратегиялық мұраттарына сай келедi.
Өзiн өзi ұсыну институтын сақтай отырып, саяси партияларға Мәжiлiс депутаттығына кандидаттар ұсыну жөнiнде айрықша құқық берiлуiн қажет деп санаймын.
Партиялардың дауыс беру қорытындыларын шығару кезiнде бақылауды жүзеге асыруы үшiн неғұрлым кең мүмкiндiктерi болуға тиiс.
Үкiметтiк емес ұйымдармен арадағы өзара iс-қимылды да басқаша құру керек.
Осындай ұйымдарға конкурстық негiзде мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс жүйесi арқылы экономикалық қолдау көрсету үрдiсi жемiстi болар едi деген ойдамын.
Бұл үшiн “Қазақстан Республикасындағы үкiметтiк емес ұйымдар туралы” және “Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы” заң жобаларын тезiрек әзiрлеп, қабылдаған жөн.
Бұл жұмыс жөн-жосықсыз ұзаққа созылып кеттi.
Үкiметтiң аталған заң жобаларын пысықтап, Парламентке енгiзуi қажет.
Кең ауқымды ынтымақтастыққа Үкiметтiк емес ұйымдардың жалпы республикалық съезi – Азаматтық форум арна тартуға тиiс. Оны биылғы жылдың екiншi жартысында өткiзу керек.
Төртiншi.
Бiздiң бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамымызды демократияландыру барысындағы рөлi мен орнын айқын анықтап алуымыз керек.
Қазақстанның тәуелсiз жылдарының iшiнде тәуелсiз бұқаралық ақпарат құралдарының уәзипалық етуi үшiн саяси, экономикалық және құқықтық жағдайлар жасалды. Мұның өзi заңнамалық, сондай-ақ низамдық кесiмдермен қуатталатын нақтылы шындық.
Бiзде БАҚ-тың басым көпшiлiгi мемлекеттiк емес.
Мәселенiң мәнi мұнда да емес, ол баспасөз бен теледидардың цензура болмайтын, БАҚ жұмысының жеңiлдiктi тегершiктерi жасалған жағдайдағы, олардың қызметiнiң заңдық тегершiгi айқын анықталған жағдайдағы уәзипалық етуiнiң бекем тетiгiнде жатыр. Баспасөздi қаржылық қолдаудың бекем жадығаты бар, оны мемлекет нақ соңғы жылы белсене пайдалана бастады. Осы орайда тек үстiмiздегi жылы ғана 50 жаңа бұқаралық ақпарат құралының тiркелгенiн айтқан орынды.
Бұл – мемлекет пен қаламгерлер қауымдастығы бiрлесе жеткен белес.
Бұл – айтуға тұрарлық жетiстiк, тек оның маңызын түсiне бiлейiк.
Ендiгi жерде бiздiң баспасөз кеңiстiгi дамуының келешектегi бағыттары жайлы ойланғанымыз орынды. Әңгiме қоғам мен БАҚ-тың өзара жауапкершiлiгi туралы, билiк пен журналистердiң өзара жауапкершiлiгi туралы болып отыр.
Бұл бiр ғана Қазақстанның емес, осы заманғы қоғамдардың бәрiнiң де басында бар мәселе. Соңғы кездегi оқиғалар ұлттық қауiпсiздiк, саяси тұрақтылық, ұлтаралық татулық, дiнаралық келiсiм мүдделерi мемлекеттiк қана емес, сонымен қатар мемлекетаралық деңгейде басымдыққа ие бола бастағанын айқын көрсетiп отыр.
Бiздiң бiр байқағанымыз, белгiлi бiр жағдайларда ең демократияшыл деген мемлекеттердiң бұқаралық ақпарат құралдары ұлттық мүдденi қорғауға келгенде айқын тұғырда тұрады. Бiз де бұдан сырт қалуға тиiс емеспiз.
БАҚ туралы жаңа Заң қабылдау қажеттiгi пiсiп-жетiлдi, онда сөз бостандығын қамтамасыз етудiң, сондай-ақ журналистердi меншiктеушiлердiң қысымынан қорғаудың осы заманғы нақты жағдайы ескерiлуге, сондай-ақ шенеунiктердiң еркiн баспасөздiң қызметiне араласқаны үшiн жауапкершiлiгi күшейтiлуге тиiс.
Келесi тұсында БАҚ-тың заңдарды бұзғаны үшiн жауапкершiлiгiн де айқындап беру мiндет. Қоғамға керегi – жалақорлық пен жалған сөз бостандығы емес, тура да тұғырлы сөз бостандығы.
Үкiмет үстiмiздегi жылы журналистермен және жұртшылықпен бiрлесiп, тиiстi заң жобасын әзiрлеп, Парламентке енгiзуге тиiс.
Үкiмет БАҚ рыногындағы бәсекелестiк барысын айқын қадағалап отыруға, оның монополияға айналуына жол бермей, тежеп отыруға тиiс.
Бұқаралық ақпарат құралдары кемелдене түстi, елдiң мүддесiн, яғни жеке өзiнiң мүддесiн терең парықтай бастады. Ендiгi жерде өзiнiң дамуына жасалған қамқорлыққа жауапты тұғыр ұстануымен, яғни әрдайым әдiл ақпарат таратуға деген ұмтылысымен жауап қатады деген үмiт зор.
Бұл даусыз ақиқат, мұны бiр ғана қарапайым себеппен бәрiмiз де көкейге тоқуымыз керек, өйткенi мұның басқадай тетiгi табиғатта жоқ.
Билiк пен БАҚ арасындағы үндесудiң көш басында, ең алдымен, журналистердiң қоғамдық бiрлестiктерi және ел Президентi жанындағы Бұқаралық ақпарат құралдары жөнiндегi Қоғамдық кеңес тұрады және тұруға да тиiс.
Бесiншi.
Құқық қорғау мен сот органдарының қызметiн жетiлдiре беру басты мәселелердiң бiрi болып қала бередi.
Бұл мәселенi ең алдымен азаматтардың ажырағысыз құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету тұрғысынан қарау керек деп санаймын.
Қылмысқа қатысты құқық аясын одан әрi iзгiлендiрудi жалғастыра беру маңызды.
Өлiм жазасын қолдануға мораторий енгiзу үшiн Үкiметтiң осы мәселенi шешудiң, атап айтқанда, жазаның өмiр бойына бас бостандығынан айыру сияқты түрiн енгiзудiң ұйымдық, материалдық және заңнамалық шарттарын жасауға кiрiсетiн кезi жеттi.
Тәжiрибе мемлекеттiң сот жүйесiнiң зәрулiктерiне деген назары мен қамқорлығы судьялар құрамына қойылатын талапшылдықты арттырумен ұштастырылуға тиiс екенiн көрсетiп отыр.
Азаматтар күнi бүгiнге дейiн соттардан өз құқықтарының қорғаушысын, әдiлеттiң жоқшысын көре алмай жүр.
Алқабилер институтын кезең-кезеңiмен енгiзу жайын да ойластыру қажет.
Әлбетте, соттардың қызметiне бақылау жасау тұтқаларын күшейте түсу керек, әрине, бұл арада сот төрелiгiн атқару үдерiмiне араласпауды әсте естен шығармаған жөн.
Судьялардың кәсiптiк даярлығының сапасын да арттыру қажет. Сiрә, арнаулы оқу магистратурасын құрған жөн болар. Осы оқу орнын бiтiргендер ғана, әлбетте, судьялар болғаны дұрыс.
Конституцияға сәйкес қылмыстық қудалау органдарының iс жүргiзу қызметiне деген сот бақылауын күшейте түсу керек, ол үшiн тұтқындауға соттың санкциясын шығарту институтын енгiзуге дейiн бару керек.
Сонымен бiрге iстi қараудың сотқа дейiнгi кезеңдерде де, сондай-ақ сот сатыларында да оңайлатылған және жеделдетiлген ресiмдерiн енгiзу керек.
***
Қадiрмендi қазақстандықтар!
Құрметтi депутаттар!
Ең ауыр жылдардың өзiнде менiң халыққа “үлде мен бүлдеге ораймын” деп уәде бермегенiм, желеулетпе мәлiмдемелер жасамағаным, қайта бiздi реформалардың қиындықтары мен ауыртпалықтары күтiп тұрғаны, оның салмағы қарапайым халықтың иығына түсетiнi жайында сақтандырғаным сiздердiң естерiңiзде. Алайда, мен халықтың тұрмыс жағдайы жақсарған үстiне жақсара түсетiн күннiң туатынына да жұртты сендiрген едiм.
Тарихи аса қысқа мерзiмнiң iшiнде бiз ең шұғыл экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асырдық. Бiздiң өзiмiз де өзгердiк, бiздiң пайымымыз да, дүние танымымыз да өзгердi. Бiз ешкiмнiң де айрықша бiр ақыл айтуынсыз-ақ өз еңбегiмiз өз игiлiгiмiздiң кiлтiне айналатынын, ал мемлекеттiң осыған қажеттi жағдайлар туғызуға тиiс екенiн түсiне бiлдiк.
Бүгiн мен берген уәдемдi орындап жатырмын деп ағымнан жарылып айта аламын. Қазақстан экономикасының өсуi бiздiң басты мұратымыз – халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етiп жатыр. Менiң айтқаным да осы уақыт едi, мiне, сол уақыт та келдi. Бүгiн мен бiздiң ең жаңа тарихымызда әлеуметтiк шығыстарды барынша ұлғайтқанымыз жайында жариялау абыройына ие болдым, бiз бұл iстi көп ұзамай қолға аламыз, әрi оның игiлiгi әрбiр қазақстандыққа және әр отбасына тиетiн болады.
Осы мақсатқа мемлекеттiк қазынадан бiр жарым жылдың iшiнде қосымша 120 миллиардтан аса теңге бөлiнедi, мұны бұрынғы жылдармен салыстыру мүмкiн емес.
Егер экономикамыз дәл осылайша жақсы жұмыс iстейтiн болса, онда, “Қазақстан-2030” ұзақ мерзiмдi Стратегиясында көзделгендей, бұл iлгерiлеу одан әрi арна тартады.
Өткен жылдардан бiр айырмашылығымыз сол, бүгiн бiздiң қолымызда экономикамыздың iргесiн өретiн төрт өзектi тұтқалы бағыттар бойынша даму мен жетiлдiру бағдарламалары бар, олар:
– аграрлық азық-түлiк бағдарламасы;
– индустриялық-инновациялық бағдарлама;
– инфрақұрылымды және энергетиканы дамыту;
– әлеуметтiк даму бағдарламалары.
Өткен жылдардан келесi бiр айырмашылығымыз сол, бүгiн бiздiң қолымызда қажеттi қаржы жадығаты да бар.
Iстiң ендiгi түйiнi – билiктiң барлық тармақтарының үйлесiмдi жұмыс iстеуiнде, ықпалды заңдарда және оларды мүлтiксiз орындауда жатыр.
Бiздiң ынтымағымыз, жасампаздық күш-қуатымыз, тұрақтылықты, азаматтық және жалпыұлттық татулықты сақтауға, елiмiздегi бейбiт өмiр мен тыныштықты қамтамасыз етуге деген ұмтылысымыз – Қазақстанның гүлденiп-көркею мен игiлiк жолында аршынды алға басуыны басты кепiлi де сол.