1 апта жансақтау бөлімінде ем қабылдаған жүкті әйелдің жағдайы жақсарды
№2 Атырау облыстық ауруханасына өте ауыр жағдайда жүкті әйел келіп түсті, деп хабарлайды аурухананың баспасөз қызметі.
Науқас жүктіліктің алғашқы мерзімін өткеруде. 5 ақпан күні жүкті әйелде дене қызуы, қалтырау, бас айналу сынды ауру белгілері байқалған. Алайда аталған шағымдары тұмауға ұқсас болған соң үйден ем қабылдаған. Өзінің жерглікті емханасына қаралып, тиісті ем-шаралары жасалған.
Алайда, 9 ақпан дене қызуы 38 градусқа дейін көтерілген соң жедел-жәрдем қызметі арқылы №2 Атырау облыстық ауруханасына жеткізілді.
Ауруханға келген сәтте дене қызуы 39 градусқа дейін көтеріліп, қабылдау бөлімінен жедел түрде жансақтау бөліміне ауыстырылады. 1 апта жансақтау бөлімінде ем қабылдаған науқас бүгінгі күні жедел респираторлық вирустық инфекция бөлімшесінде жатыр.
«Инфекциялық токсикалық шок» диагнозымен түскен науқастың бүгінгі жағдайы қалыпты.
– Өте ауыр жағдайда келгенімді білемін. Дене қызуым бірден көтерілген сәтте жедел-жәрдем көлігін шақыртып, уақытты зая кетірмей ауруханаға бару керек екенін түсіндім. Дәрігерлер тарапынан көрсетілген жедел көмектің нәтижесінде жағдайым жақсарып келеді. Сол үшін дәрігерлерге айтар алғысым шексіз, – дейді алғашқы сәбиін күтіп жүрген З.Ж.
Науқастың емдеуші дәрігері Шолпан Канатова жүкті әйелдерде қандай да болсын сырқаттанушылық байқалған жағдайда жергілікті емханасына хабарласып, алғашқы көмекке жүгінуге шақырады. Өйткені, қауіпті індет белең алып жатқан сәтте жүкті әйелдер мен балаларда асқынулардың тезірек дамитындығын айтты.