Атыраулық дәрігерлер 74 жастағы ерлі-зайыптыларды коронавирус инфекциясынан емдеп жазды
Ауыр жағдайда модульді жұқпалы аурулар ауруханасына түскен науқастардың бүгінгі жағдайы қалыпты, деп хабарлайды аурухананың баспасөз қызметі.
Құрманғазы ауданының тұрғындары Сәуірбай Дәуітов пен Жеміс Жантемірова модульді жұқпалы аурулар ауруханасына 1 ақпан күні келіп түскен.
Науқастардың айтуы бойынша, дене қызуының көтерілуі, тәбет төмендеуі, физикалық жүктеме кезінде пайда болатын ентікпе, тамақ және бас ауруы 23 қаңтардан бастап мазалаған.
Алайда ауру белгілері 31 қаңтар күні күшейген сәтте жедел-жәрдем қызметі арқылы №2 Атырау облыстық ауруханасына жеткізілді.
Дәрігерлер тексере келе, ерлі-зайыптылардан коронавирус инфекциясына қарсы ПТР нәтижесі оң көрсеткіш көрсетіп, ер адамда өкпесінің 17%, әйелде 42% зақымданғаны белгілі болады.
Екі жақты полисегментарлы пневмония диагнозы қойылған Жеміс Жантеміровада ауру өте ауыр деңгейде өткен. 9 күн жансақтау бөлімінде ем қабылдаған науқастың бүгінгі жағдайы қалыпты, үйіне шығарылды.
– Ауруханаға келген сәттегі жағдайымды жеткізе алмаймын. Өздігімнен дем алу қиынға түсті. Бас ауры да мазалап, дене қызуым 38 градусқа дейін көтерілді. Ал, қазір ақ халатты абзал жандардың арқасында жағдайып жақсарды. Жансақтау бөлімінде әркез денсаулығымды бақылауда ұстаған жандардың арқасында жақсарып келемін.
Әлемді қауіпті індет шарпыған қиын сәтте еш мойымай, өмірімізді ажалдан арашалап қалған №2 Атырау облыстық ауруханасының дәрігерлері мен медбикелері, басқа да медицина қызметкерлеріне алғысым шексіз!
«Жақсы болып кетесіз, әже!» деп демеу болған мейірімді жүректі жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ, – деді Жеміс Жантемірова.